Негізгі Жаңалықтар Ауыл ахуалын арттырған міндеттер

Ауыл ахуалын арттырған міндеттер

Ауылдың ажары – оның көркейген келбеті мен тұрғындарға жасалған қолайлы жағдайынан көрінеді. Бүгінде Ұзынкөл ауданы Федоров ауылдық округінде осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Демалыс орындары абаттандырылып, спорттық инфрақұрылым кеңейіп, мәдени нысандар жаңартылып жатыр. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының уақытын тиімді өткізіп, саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.

Федоров ауылының орталығында орналасқан саябақ – жергілікті тұрғындардың бас қосатын сүйікті мекеніне айналды. Мұнда алуан түрлі мерекелік іс-шаралар, концерттер мен мәдени кездесулер жиі ұйымдастырылады. Арнайы сахнада аудан орталығы мен өзге де елді мекенінен келген мәдени ұжымдар өнер көрсетеді.

Ауылдағы мәдени тыныс-тіршілікті жандандыруда кітапхананың да өзіндік орны бар. Онда тұрғындар сүйікті кітаптарын оқып, мерзімді басылымдармен таныса алады. Биыл кітапхана ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ішкі жағдайы жақсарды. Бұл іске жергілікті кәсіпкерлер де қолдау білдірген. Енді оқырмандар жаңартылған, жайлы ортада рухани қажеттіліктерін өтей алады.

Елді-мекендегі спортты серік еткен тұрғындар үшін де жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Жақында спорт алаңы пайдалануға берілді. Енді жастар мен ересектер бос уақытында жиналып, сүйікті спорт түрімен айналыса алады. Бұл нысан тұрғындардың белсенділігін арттырып, өзара қарым-қатынасын нығайтуға да ықпал етеді. Ең бастысы, ауыл ішінде бұқаралық спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай қалыптасып келеді.

Ауылда бірқатар әлеуметтік бастаманың жүзеге асуына жергілікті шаруашылықтар қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпкерлер туған жердің өркендеуіне өзіндік үлес қосу – азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі екенін айтады.

Ал дене шынықтыруға арналған мүмкіндіктер мұнымен шектелмейді. Ауылда ашық аспан астындағы воркаут алаңы да бар. Мұнда түрлі жаттығу құрылғылары орнатылған. Тұрғындар арнайы уақытты күтпей-ақ, өздеріне ыңғайлы мезгілде жаттыға алады. Мұндай нысандар әсіресе жастардың спортқа 

қызығушылығын арттырып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға жол ашады.

Федоров ауылдық округінде қолға алынған жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Бір жерде демалыс орындары жаңартылса, енді бірінде спортпен айналысуға және мәдени іс-шараларға қатысуға мүмкіндік кеңейіп келеді. Ал мұндай игіліктердің шынайы нәтижесі – ауыл тұрғындарының күнделікті өміріндегі оң өзгерістер. Өйткені ауылдың көркеюі – ең алдымен, ондағы әрбір жанға жасалған жағдаймен өлшенеді.



Бөлісу