Негізгі Жаңалықтар Мемлекеттік ту тұғыры билік бақылауында болады

Мемлекеттік ту тұғыры билік бақылауында болады

Облыс орталығында биыл Республика күнінде 45 метрлік Ту тұғыры орнатылып, ресми түрде ашылған еді. Шаһар басшысы нысанның алдағы күтіміне ерекше көңіл бөлінуі қажет деп санайды. Мемлекеттік Тудың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап отыруды қатаң тапсырды. Оның айтуынша, тұғырдың тірегі әркез мығым, маңайы жап-жарық болып тұруы тиіс.

Қостанай сәулетіне ерекше көрік қосқан алаңның қазіргі ахуалы жергілікті биліктің жіті назарында. Естеріңізде болса, 6-қарашада қатты желдің салдарынан Мемлекеттік Ту автоматты түрде тұғырдан сәл төмен түскен еді. Оқиға әлеуметтік желіде біраз талқыланды. Қала әкімі аталған нысанды күтіп ұстау, қызмет көрсету тұрғысында Қостанайда тиісті тәжірибе жоқтығын айтады. Сондықтан атқарушы орган өзге облыстардың дағдысын зерделеуге кірісті. Сонымен қатар қала әкімі Тудың матасының бүлінбеуін күнделікті қадағалауды тапсырды. Күндіз-түні көзден таса қылмай, баладай әлпештеу артық болмас деген ой айтылды. Расында, көк Тудың биікте желбірегені – елдігіміздің айғағы. Оған асқан ұқыппен қарау – ортақ парыз!


Бөлісу