Ұлттық өнердің ұйытқысы
Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлттық өнердің өміршеңдігін сақтап, қазақтың күйі мен дәстүрлі әуенін дәріптеп келе жатқан шығармашылық ұжымның бірі - «Мирас» этно-фольклорлық ансамблі. Биыл өнер ұжымы 35 жылдық белесті бағындырды. Осыған орай мерейтойлық концерт ұйымдастырылып, сахна төрінде ұлттық музыканың жауһарлары орындалды.
1991 жылы, еліміз тәуелсіздік алған тұста құрылған «Мирас» ансамблінің алғашқы жетекшісі Абай Әмірханов болды. Содан бері ұжым ұлттық өнерді ұлықтап, жергілікті композиторлар Қалибек Деріпсалдин, Бақытжан Сәуекенов пен Болат Хамзиннің шығармаларын орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Ал биылғы мерейтойдың ерекшелігімен ансамбльдің қазіргі жетекшісі Данияр Рыспек бөлісті.
Осыдан 35 жыл бұрын ансамбльдің алғашқы концертін жүргізген Жасұлан Айсағалиев үшін мерейтой ерекше әсерге толы болды. Араға жылдар салып, сол бір тарихи сәттерді қайта еске алған ол 1991 жылғы алғашқы құрамда өнер көрсеткен әріптестерінің есімдерін бірінен соң бірін атады. Уақыт өтсе де, сол кездегі өнерпаздардың есімдері жадында жаңғырып, өткен күндерге қайта оралғандай күй кешті. Алғашқы қадамдардың куәсі болған ол осындай басқосуға қатысып, естеліктермен бөліскеніне қуанышты екенін жеткізді.
Қырғыздың қомузын арқалап, Қостанайға алғаш рет табан тіреген Зәкірбек Дүйшенбекұлы тобылдықтарға ұлттық аспаптың құдіретін танытты. Алматылық Ержан Жаменкеевпен бірге сахнаға шыққан өнерпаздар әуелі қос халықтың күйлерін кезек-кезек орындады. Кейін аспаптарын алмастырып, тағы бір туындыны көпшілік назарына ұсынды. Өнер иелерінің бұл үйлесімі көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ду қол шапалаққа ұласты. Қошеметтен қанаттанған қос орындаушының да көңіл күйі ерекше.
Отыз бес жыл - өнер үшін тұтас бір дәуір. Бүгінде «Мирас» атауы Қостанайдың мәдени тынысымен біте қайнасқан. Отыз бес жыл бойы қалыптасқан тәжірибе мен дәстүр енді жас өнерпаздардың шығармашылық ізденісіне жол ашып отыр. Ұлттық музыканың үнін үзбей, домбыраның қоңыр сазын келер ұрпаққа жеткізу ұжымның басты мұраты. Ал мерейтойлық кеш сол мұраттың жалғасын тапқанын тағы бір мәрте көрсетті.