Инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды
Адамның мүмкіндігі оның физикалық ерекшелігімен шектелмеуі керек. Ал оған қажетті жағдай жасау – әлеуметтік мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Қазақстан Конституциясы адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп айқындайды. Бұл қағидаттың іс жүзінде қалай жүзеге асатынын әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігінен де көруге болады.
Облыста 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның 12 мың 700-інде спортпен айналысуға медициналық қарсы көрсетілім жоқ. Демек, мамандандырылған спорт инфрақұрылымына деген сұраныс бар. Бұған дейін параспортшылар әр жерде жаттығуға мәжбүр болған. Енді олардың басын бір орталыққа біріктіру көзделіп отыр.
Орталықта бірнеше спорт түріне арналған жағдай жасалады. Сурдофутбол, отырып ойнайтын волейбол, мүгедектер арбасындағы би және үстел теннисі – болашақ нысанда қарастырылған бағыттардың бірқатары. Ғимараттың ауданы – 2 мың 517 шаршы метр. Аумағы – 1,4 гектар. Орталық 100 орынға есептелген. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Спорт нысанының қажеттігін оны жылдар бойы күткен спортшылардың өздері де айтады. Бір жерде тұрақты жаттығу, қажетті құрал-жабдыққа қолжетімділік, бапкерлермен жүйелі жұмыс істеу – жоғары нәтижеге жетудің маңызды шарттары. Әсіресе халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын спортшылар үшін дайындық жағдайы шешуші мәнге ие.
Параспорттағы жетістіктер спортшының жеке дайындығына, оны қоршаған ортаға да байланысты. 2018 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Александр Колядиннің айтуынша, спортқа қызығушылық танытып, жарыстарда жүлде алып жүргендердің қатары көбейіп келеді. Бұл бәсекенің де арта түскенін көрсетеді.
2023 жылдан бері облыста 40-тан астам спорт нысаны салынған. Қазір үстел теннисі орталығының,
Тобыл қаласындағы Спорт сарайының, жабық хоккей кортының және Арқалық қаласындағы екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. Ал, инклюзивті орталықтың құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.