Жоғары деңгейде тойланған жарқын мереке
Республика күні – ел тарихындағы маңызды белестердің бірі. Бұл мереке мемлекеттіліктің мәнін ұғындырып, тәуелсіз елдің бүгінгі жетістіктері мен алдағы межелі міндеттеріне назар аудартады. Егемендіктің қадірі – ең алдымен, елдің дамуына үлес қосқан азаматтар еңбегімен, жас ұрпақтың мүмкіндігімен және қоғамдағы ортақ жауапкершілікпен өлшенеді. Осы орайда Әулиекөл ауданында Республика күніне арналған мерекелік іс- шара ұйымдастырылды. Салтанатты кеште ұлттық өнер ұлықталып, сан түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді.
Аудандық Мәдениет үйінде өткен концерт мерекенің мазмұнын өнер тілі арқылы жеткізді. Концерттік бағдарламада ел тарихы мен ұлттық рухты дәріптеуге басымдық берілді. Мұндай кештердің маңызы – сахналық қойылыммен шектелмейді. Өйткені мәдениет арқылы ұлттық құндылықтар насихатталып, жас буынның туған елге деген көзқарасы қалыптасады. Ал осындай бағдарламаларды әзірлеу шығармашылық ұжымнан жүйелі дайындық пен үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Қоғамдық белсенділікті арттырумен қатар, ауданда өскелең ұрпақтың жетістіктеріне де ерекше мән беріледі. Жастардың бастамаларын қолдау, олардың бойындағы қабілетті шыңдау және түрлі жобаларға қатысуына жол ашу – маңызды бағыттардың бірі. Мұндай жұмыстар жас буынның жауапкершілігін арттырып, жаңа белестерді бағындыруына ықпал етеді.
Ел болашағына үлес қосу кішкентай бастамалардан басталады. Кейде ол баланың өнер үйірмесіне тұрақты қатысуынан, сахнада алғаш рет өнер көрсетуінен,өзінің бойындағы қабілетті дамытуға деген талпынысынан көрінеді. Осындай қадамдар жас ұрпақтың өзіне деген сенімін арттырып, жауапкершілігін қалыптастырады. Бұл ретте ата-ананың қолдауы мен мәдениет мекемелерінің мүмкіндігі өзара сабақтасып жатыр.
Мерекелік жиынның тағы бір маңызды бөлігі – еңбек адамын құрметтеу. Салтанатты іс-шара барысында облыстық және аудандық деңгейдегі марапаттар табысталды. Бұл жолы еңбегімен назарға іліккен азаматтардың қатарында әлеуметтік қызмет саласының мамандары да бар. Олардың күнделікті жұмысы қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге және адамдар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.
Ең бастысы – мерекелік бастамалардың күнделікті өмірде де жалғасын табуы. Жастарға жасалған қолдау нақты нәтижеге ұласып, мәдениет саласындағы жұмыс тұрақты дамып, әрбір маманның еңбегі лайықты бағалануы қажет. Өйткені елдің қуаты тек тарихи оқиғалармен немесе сұлу сөздермен өлшенбейді. Ол – қоғамның мүмкіндігі, азаматтардың белсенділігі және ортақ мақсат жолындағы нақты істердің жиынтығымен таразыланады.