Негізгі Жаңалықтар Қостанайда 45 метрлік ту тұғыры ашылды

Қостанайда 45 метрлік ту тұғыры ашылды

Қостанайда Республика күніне орай биіктігі 45 метрге жуық ту тұғыры ашылды. Салтанатты рәсімге екі мыңнан астам адам жиналды. Мерекелік іс-шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы Әнұранның сүйемелдеуімен көкке көтерілді.


Жаңа нысан облыстық филармония маңындағы алаңға орнатылған. Тудың көлемі – 5 те 10 метр. Оны қаланың барлық дерлік шағын ауданынан көруге болады. Ту тұғыры жарықтандыру жүйесімен және желдің жылдамдығын өлшейтін датчиктермен жабдықталған. Қатты жел соқса, қауіпсіздік үшін ту автоматты түрде төмен түсіріледі.


Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі салтанатты іс-шараның басты сәтіне айналды. Әнұран орындалған кезде алаңға жиналған жұрт көк байрақты құрметпен қарсы алды. Республика күні қарсаңында ашылған нысан қаладағы мемлекеттік рәміздерге арналған орындардың қатарын толықтырды.


Салтанатты жиын барсында Республика күні мен Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық, құқық қорғау және басқа да салаларында қажырлы еңбек етіп жүрген бір топ үздік маман облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Мерекелік іс-шарада әскери қызметшілер, тәртіп сақшылары, білім беру мен 

өндіріс пен ауыл шаруашылығының озаттары ескерілді. Адал еңбегімен танылған сала майталмандарына ел игілігі жолындағы қажырлы қызметі үшін алғыс айтылып, құрмет көрсетілді.


Бөлісу