Негізгі Жаңалықтар Республика күні: елдік пен еңбектің мерекесі

Республика күні: елдік пен еңбектің мерекесі

Елдің еңсесін көтеретін - еңбек, мерейін өсіретін - адам. Республика күні қарсаңында Қостанайда қос ұстаным тоғысқан салтанатты кеш өтті. Сахна төріндегі марапат та, әуезді ән де мерекенің мазмұнын аша түсті. Ал бұл күннің басты мәні - елдік құндылықтарды ұлықтап, ортақ тарихқа деген құрметті жаңғырту. 

Ел дамуының шежіресі тек тарихи даталармен жазылмайды. Оның әр бетінде өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, еңбегімен елге пайдасын тигізетін жандардың қолтаңбасы бар. Президент пәрменімен өндіріс пен білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салалардың өкілдері марапатталды салтанатты жиында. Олардың қалтқысыз қызметі өңірдің күнделікті тіршілігін алға жылжытып, қоғамның дамуына негіз болып отырған маңызды күш.

Ресми рәсім аяқталған соң, кештің мазмұны өнермен жалғасты. Сахнада шырқалған әндер мен музыкалық қойылымдар мерекенің мазмұнын толықтырып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Концерттік бағдарламада елге деген сүйіспеншілік пен туған жерге деген құрмет өнер тілімен өрнектелді. 

Республика күні күнтізбедегі атаулы дата ғана емес, елдің өз алдына дербес даму жолын таңдаған тарихи шешімін еске салатын оқиға. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолындағы маңызды белес болды. Бүгінде бұл күн ел тарихына құрметпен, мемлекеттің ертеңіне жауапкершілікпен қараудың мәнін ұғындырады.

Бөлісу