Негізгі Жаңалықтар Мән-маңызы мол мереке

Мән-маңызы мол мереке

Еліміздің ең ұлық мерекелерінің бірі - Республика күні Алтынсарин ауданында да кең көлемде аталып өтті. Мерекелік іс-шара аясында жәрмеңке ұйымдастырылып,көпшілік назарына көрме ұсынылды. Сондай-ақ, аудан тұрғындары бас қосқан салтанатты жиында бірқатар азамат марапатталып, өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.

Мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауымен басталған мерекелік іс-шара мәдениет үйінің кіреберісіндегі жәрмеңкемен жалғасты. Қазақтың ұлттық тағамдары мен бұйымдарын көпшілік назарына ұсынғандардың бірі - Айнұр Бакун. Күмістен білезік, алқа, сырға мен белдік жасаумен айналысатын қолөнерші осы бұйымдарымен Түркия елінде де сән апталығына қатысқан. 

Бұл жерде ұлттық мереке - Республика күніне орайластырылған көрме де ұсынылды. Қазақстанның тарихы мен бүгінінен сыр шертетін кітаптарды аудан әкімі қызығушылықпен қарап шықты. Ал, концерт залында көрерменді қос жеткіншек арнайы қойылыммен қарсы алды. 

Кейін аудан басшысы мерекелік кешті бастау үшін сахнаға шығып, жергілікті жұртшылықты тәуелсіздікке алғашқы қадам жасалған күнмен құттықтады. 

Кейін шипажай басшысы туризм министірінің алғыс хатымен, бірнеше азамат облыс әкімінің, тағы 10 шақты адам аудан әкімінің грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында құтқарушы да, пошташы да, оқушы мен есепші де бар. Сонымен қатар, осындай мерекелік концерттер мен түрлі іс-шараларды ұйымдастырудың басы-қасында жүретін ішкі саясат бөлімінің басшысы да назардан тыс қалмады. 

Республика күні – туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, елдігімізді дәріптейтін мереке. Осы орайда ұйымдастырылған концертте «Сезім» тобы «Туған жер» әнін орындап, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады. Туған жердің қадірін ұғындыратын шығарма мерекелік іс-шараның мәнін аша түсті.

Ұлттар биі мен рухты әндер жұрттың еңсесін бір көтеріп тастады. Бақытты елдің басынан бағы таймасын деп тілек білдірген өнерпаздар «Мен қазақпын» әнімен көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Ән арқылы елге деген мақтаныш пен ұлттық рух айқын сезілді. 


Бөлісу