Жаңа мәдениет ошағы ашылды
Ауылдың ажары – оның рухани өмірі мен мәдениетінде. Ұзынкөл ауданындағы Троебрат ауылында тұрғындар көптен күткен жаңа демалыс орталығы ашылды. Енді мұнда ауыл жұрты бас қосып, балалар өнерін шыңдап, алуан түрлі мәдени іс-шаралар өткізе алады. Заманауи жабдықтармен қамтылған нысанның құрылысы мен аумағын абаттандыруға қомақты қаражат бөлінген.
Салтанатты лента қиылған сәттен бастап, ауылдың мәдени өмірінде жаңа кезең басталды. Орталықтың құрылысына бюджеттен 448 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылса, аумақты абаттандыруға қосымша 49 миллион теңге жұмсалған. Ал қажетті құрал-жабдықтармен қамтуға «Қазақстан халқына» қоры қолдау көрсетті. Енді ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізіп, балалар мен жастардың шығармашылығын дамытуға мүмкіндік мол.
Жаңа орталықтың ашылуы ауыл тұрғындары үшін ерекше қуанышқа айналды. Мұнда мәдени іс-шаралар өткізіп, балалар мен жастардың қабілетін
шыңдауға да мүмкіндік бар. Ал ауыл жұрты үшін бұл – ортақ мерекелерде бас қосатын жаңа орын.
Орталықта коворкинг, балалар аймағы, хореография, сәндік-қолданбалы өнер шеберханасы, домбыра, халық аспаптары, медиа және вокал студиялары жұмыс істейді. Үйірмелер ауыл балаларының қабілетін шыңдап, шығармашылығын дамытуға жол ашады. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, орталықты ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру.