Негізгі Жаңалықтар Ыбырай мұрасы – ұрпаққа өнеге

Ыбырай мұрасы – ұрпаққа өнеге

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің мұрасы – ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы. Оның педагогикалық идеяларын бүгінгі білім беру тәжірибесінде жаңғырту мақсатында Қостанайда республикалық форум өтті. «Ыбырай Алтынсарин мұрасы: мектеп ұстаздары тәжірибесінде» атты басқосуға әр өңірден келген педагогтер жиналып, өзара тәжірибе алмасты.


Форумға Ақтөбе облысы мен Астана қаласы, сондай-ақ Қостанай облысының ұстаздары қатысты. Басқосу «Ұлы тұлғалар жолы» облыстық жобасының жалғасы ретінде ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты – ел тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың өмірі мен еңбегін насихаттап, олардың өнегесін жас ұрпақ бойына сіңіру. Бүгінде бастамаға 60 білім беру ұйымы, оның ішінде 57 мектеп пен 3 колледж қатысады. Жоба аясында тарихи тұлғалардың мұрасын дәріптеуге, ұлттық құндылықтарды нығайтуға және өскелең ұрпақ бойында азаматтық жауапкершілік қалыптастыруға басымдық беріледі.

1864 жылы Ыбырай Алтынсариннің бастамасымен Ырғызда мектеп ашылып, өңірде ағартушылықтың негізі қаланды. Бүгінде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп ұжымы ұлы ұстаздың ізгі жолын жалғастырып, оның мұрасын жас ұрпаққа насихаттап келеді. 

Ал Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында ағартушының мұрасы оқу мен тәрбие үдерісіне жүйелі түрде енгізілген. Мұнда «Ыбырайтану» курсы оқытылып, ұлы ұстаздың шығармалары түрлі пәндермен сабақтастырылады. Заманауи технологияларды қолдану да назардан тыс қалмаған.

Форумға белсенді қатысып, Ыбырай Алтынсариннің мұрасын насихаттауға үлес қосқан ұстаздар марапатталды. Бұл – олардың еңбегіне көрсетілген құрмет әрі ағартушы аманатын жалғастыруға берілген қолдау.

Бұдан бөлек, педагогтерге арналған тренинг ұйымдастырылды. Қатысушылар кәсіби тәжірибе алмасып, оқу үдерісінде қолдануға болатын тиімді әдіс-тәсілдерді талқылады. Мұндай кездесулер кәсіби ізденіске жол ашып, озық тәжірибені таратуға мүмкіндік береді. Ал Ыбырай мұрасын бүгінгі біліммен ұштастырып, келер ұрпаққа жеткізу – ұстаздар қауымының ортақ міндеті.



Бөлісу