Негізгі Жаңалықтар Шаһар экономикасының даму қарқыны жоғары

Шаһар экономикасының даму қарқыны жоғары

Қостанай қаласының биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылды. Қаңтар-қыркүйек аралығында 1 триллион 283 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, негізгі капиталға 193 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды.

Қостанай экономикасының негізгі тірегі – өнеркәсіп. Биылғы тоғыз айда өндіріс көлемінің нақты индексі 108,3 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің 96,7 пайызы өңдеу саласына тиесілі. Оның ішінде машина жасау алдыңғы орында: саланың үлесі 65,6 пайызға жеткен.

Тоғыз айда қала экономикасына 193 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның 88 пайызға жуығы – жеке капитал. Қаражаттың басым бөлігі өнеркәсіпке бағытталып, бұл салаға 87 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды. Тұрғын үй құрылысына да қомақты қаржы бөлінді.

Қалада жұмыс істеп тұрған кәсіпорындармен қатар, жаңа өндіріс орындары да ашылып жатыр. Жобалардың бірқатары іске қосылса, қалғандары дайындық кезеңінде. Бұл бастамалар өнеркәсіп саласын одан әрі дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. 

Құрылыс саласында да өсім байқалады. Тоғыз айда Қостанайда 264,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы кезеңнен 4,9 пайызға артық. Құрылыс жұмыстарының көлемі 114,2 миллиард теңгеге жетіп, 16,9 пайызға өсті. Осылайша, өнеркәсіп, инвестиция және құрылыс саласы қаланың экономикалық дамуына серпін беріп отыр.


Бөлісу