Өз ісінің үздіктері
Қостанайда өңірдің тыныс-тіршілігі мен дамуын ақпарат кеңістігінде насихаттап жүрген журналистер марапатталды. Дәстүрлі облыстық байқауда үздік материалдар мен кәсіби шеберлік бағаланып, озық шыққан тілшілер мен телеарна мамандары құрметке бөленді. Биыл кімдер жеңімпаз атанды? Толығырақ тілші материалында.
Биыл үздік атану үшін баспа және телевизия саласында еңбек ететін 30-дан астам журналист бақ сынады. Олардың қатарында аудандық және облыстық басылымдардың, сондай-ақ телеарналардың өкілдері бар. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов атап өткендей, журналистердің еңбегі Қостанай облысын өзге өңірлер мен шет мемлекеттерге танытуда маңызды рөл атқарады.
Байқауда экономика мен өңірлердің дамуын қамтитын бірнеше номинация бойынша үздіктер анықталды. Жас журналистерге де ерекше назар аударылды. Биыл «Qostanai» телеарнасының үш өкілі жеңімпаз атанды. Таспагер Валерий Тощев «Әлем объективте», редактор Бейбіт Нұрмұханов «Экономика драйвері», ал Би-Фатима Ералханқызы «Өңірлердің дамуы – елдің дамуы» номинациясында үздік деп танылды.
Салтанатты кеш облыстық филармония солистерінің өнерімен жалғасты. Іс-шара соңында бірқатар қатысушыға атаулы сыйлықтар табысталды. Бұл кеш байқау қорытындысын түйіндеп қана қоймай, әріптестердің жүздесіп, кәсіби жетістіктерімен бөлісіп, ортақ қуанышты сезінген ерекше сәтіне айналды.