Негізгі Жаңалықтар Интернет-алаяқтық қаупі сейілмей тұр

Интернет-алаяқтық қаупі сейілмей тұр

Интернет-алаяқтық – азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырған өзекті мәселелердің бірі. Қылмыстың бұл түріне қарсы күрес күшейгенімен, алаяқтар жұртты алдаудың түрлі амалын әлі де қолданып келеді. Дегенмен Қостанай қаласында тіркелген интернет-алаяқтық деректерінің саны азайған. Бұған құқық қорғау органдарының алдын алу шаралары мен тұрғындар арасында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары ықпал етіп отыр. 

Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері 588 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 799 болған. Осылайша, тіркелген қылмыстар саны 26,4 пайыз төмендеген. 

Алаяқтар жалған хабарландырулар мен күмәнді сілтемелерді де пайдаланады. Сондықтан ақша аудармас бұрын ақпаратты тексеріп, банк деректері мен растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу қажет. Әсіресе аз уақытта мол пайда табуға уәде беретін ұсыныстардан сақ болған жөн.

Жыл басынан бері Қостанайда алаяқтық әрекеттердің жолын кесу нәтижесінде тұрғындардың 56 миллион теңгеден астам қаражаты сақталып қалды. Алдын алу шараларын күшейту үшін қала әкімдігі бес мың жадынама шығаруға қаражат бөлген. Алайда полицияның мәліметінше, тұрғындарды кеңінен қамту үшін ай сайын кемінде он мың жадынама қажет. Интернет-алаяқтыққа қарсы жұмыс жалғасып жатыр. Ал қаржылық қауіпсіздіктің басты кепілі – қырағылық пен сақтық.


Бөлісу