Боз кілем бәсекесі
Жітіқарада аудан әкімінің жүлдесіне арналған еркін және әйелдер күресінен 55-ші ашық республикалық турнир өтті. Кеңес Одағының Батыры Егор Хачиннің есіміне арналған жарысқа еліміздің әр өңірінен және шетелден балуандар қатысты. Жарты ғасырдан астам тарихы бар дәстүрлі дода биыл да спортшылардың басын қосып, бозкілемдегі бәсекеге ұласты.
Турнир тарихы 1971 жылдан басталады. Оның негізін еркін күрестен еңбек сіңірген жаттықтырушы Николай Балобанов қалаған. Содан бері дәстүрлі жарыс жыл сайын өткізіліп келеді. Дода Кеңес Одағының Батыры Егор Хачиннің есімін ұлықтауға арналған. Соғыстан кейін ол Жітіқара тау-кен байыту комбинатында еңбек етіп, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласқан.
Турнирге Қостанай облыстық күрес федерациясының өкілдері, халықаралық жарыстардың чемпиондары мен спорт ардагерлері қатысты. Жас балуандар үшін бұл — тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік.
Жарысқа еліміздің Алматы, Атырау, Қарағанды, Түркістан, Тараз, Павлодар, Петропавл, Қостанай қалалары мен өзге өңірлерінен балуандар жиналды. Сондай-ақ бозкілемде шетелдік спортшылар да бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.