Цифрлық әлемдегі қауіпсіздік
Цифрлық технологиялар дамыған сайын киберқауіптер де күшейіп келеді. Интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілдері мен жеке деректердің қауіпсіздігі – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осы тақырыптар IQostanay орталығында өткен «Qostanai Cyber Security Conference» конференциясында талқыланды. Жиынды Qostanai Hub пен Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бірлесе ұйымдастырды.
Жасанды интеллект айлығы аясында ұйымдастырылған конференцияға студенттер, курсанттар, ақпараттық қауіпсіздік мамандары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар интернет-алаяқтық, фишинг, әлеуметтік инженерия және жеке деректердің таралып кету қаупін талқылады. Сонымен қатар киберқауіпсіздік саласында әзірленген жобалар таныстырылып, арнайы көрме ұйымдастырылды.
Цифрлық әлемдегі қауіпсіздік тек технологияға емес, заңнамалық талаптарға да байланысты. Осы бағытта Қазақстанда биыл маңызды өзгерістер болды. Цифрлық кодекс пен киберқауіпсіздік туралы заң қабылданды. Жаңа талаптар дербес деректерді қорғау мен мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған.
Киберқауіптерге қарсы күресте теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру маңызды. Бұл бағытта Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында болашақ құқық қорғау қызметкерлері даярланады. Курсанттар киберқылмыстардың алдын алу, ақпараттық жүйелерді қорғау және интернеттегі қауіптерді анықтау тәсілдерін
меңгереді.
Қазіргі таңда жеке деректерді қорғау аса маңызды. Телефон нөмірі, мекенжай мен құжат көшірмелерінің бөгде адамдардың қолына түсуі азаматтарға зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан цифрлық сауаттылық пен ақпараттық қауіпсіздік – ортақ міндет. Конференция соңында қатысушылар тәжірибе алмасып, деректерді қорғау жолдарын талқылады.