Өнердегі ұлттық өрнек
Лев Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында этностильдегі көрме ашылды. Экспозицияда Маңғыстау облысынан келген суретшілер мен қолөнер шеберлерінің туындылары ұсынылған. Көрмеге келушілер тарихи кезеңдерден сыр шертетін шығармалармен қатар, заманауи өнер үлгілерін де тамашалай алады.
Маңғыстаулық шығармашылық өнер иелері: Инна, Евгения Ермаковалар мен Әсел Мырзағалиева өз туындыларын түрлі өңірлерде таныстырып жүр. Қостанайдағы Л. Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада олардың этностильдегі көрмесі осы аптаның соңына дейін жалғасады. Суретшілердің туындылары ерекше тастармен және әшекей бұйымдармен безендірілген. Картиналарда адам бейнесі барынша шынайы берілген.
Ал бұл картинада Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне үлес қосқан 100 көрнекті тұлғаның бейнесі жинақталған. Туынды сақ дәуірінен басталып, Алтын адам, ғұндар, Түрік қағанаты, қазақ хандары мен Кенесары хан кезеңін қамтиды. Сондай-ақ «Алаш» қайраткерлері, соғыс батырлары, ғылым, өнер және мәдениет өкілдері, қазіргі танымал тұлғалар бейнеленген. Олардың қатарында Елена Рыбакина мен Мақпал Жүнісова да бар.
Ал Евгения Ермакова қой жүнінен киіз басып, одан заманауи үлгідегі киімдер жасайды. Ол ұлттық
қолөнерді замана үнімен ұштастырып, ерекше туындыларды дүниеге әкеледі.
Маңғыстаудан басталған көрме сапары осылайша Қостанайда жалғасып жатыр. Суретшілер мен қолөнершілер өз туындыларын өзге өңірлердің көрермендеріне ұсынбақ.