Astana Media Week: медиа саласының жаңа бағыты
Астанада медиа саласының өкілдері бас қосты. 14 қазанда Бейбітшілік және келісім сарайында Astana Media Week медиа апталығы басталды. Үш күнге жоспарланған іс-шараға Қазақстан мен шетел журналистері, мемлекеттік органдар мен технологиялық компания өкілдері қатысуда. Ол тізімде «Қостанай» телеарнасының делегаттары да бар.
Биылғы медиа апталықтың басты тақырыбы — адам, медиа және жасанды интеллект. «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдағы өзгерістер және сенімнің жаңа жүйесі» атты пленарлық отырыста қатысушылар журналистиканың даму бағытын, ақпарат кеңістігіндегі өзгерістерді және жаңа технологиялардың ықпалын талқылады.
Медиа апталықтың бағдарламасы пленарлық отырыспен шектелмейді. Мамандар жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану, жастардың цифрлық қауіпсіздігі мәселелерін де талқылауда. Ауқымды іс-шараға Қостанай телеарнасының басшысы Заңғар Санайұлы мен редакторлар Гүлім Қажымқызы және Маргарита Иванова да қатысуда.
Мұндай кездесулер медиа мамандарына жаңа құралдармен танысып, ақпаратты аудиторияға жеткізудің заманауи тәсілдерін талқылауға мүмкіндік береді.
Үш күнге жоспарланған Astana Media Week аясында медиа саласының өзекті мәселелері талқыланып, мамандар тәжірибе алмасуда. Журналистика мен технология тоғысқан кезеңде мұндай кездесулер ақпарат кеңістігіндегі өзгерістерді түсініп, кәсіби дамудың жаңа бағыттарын айқындауға жол ашады.