Негізгі Жаңалықтар Облыстың экономикалық даму көрсеткіші жоғары

Облыстың экономикалық даму көрсеткіші жоғары

Облыста өндіріс әлеуетін арттыру, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Мәселен, кезекті жел электр станциясының құрылысы аяқталды. Республикалық маңызы бар көлік жолдары жөнделіп, ауыл шаруашылығында өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған тың жобалар қолға алынды. Түпкі мақсат – экономикалық белсенділікті арттырып, Тобыл өңірінің ұзақ мерзімді дамуына негіз қалыптастыру.

Экономиканың өсуі электр энергиясына деген сұранысты да арттырады. Өңірде бұл мәселені шешудің бір жолы ретінде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық беріліп отыр. Соның бірі – Шеминов ауылы маңында салынып жатқан жел электр станциясы.

Мұнда әрқайсысының қуаты 6,25 мегаватт болатын 16 жел генераторы орнатылған. Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, нысанды іске қосу кезеңіне өтті. Бұл өңірдің энергетикалық жүйесіне қосымша қуат беруге мүмкіндік жасайды.

Өндіріс пен сауда айналымының қарқыны жол инфрақұрылымының сапасына да байланысты. Республикалық маңызы бар KAZ18 «Қостанай – Мамлютка» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 43 шақырым болатын учаскелеріне орташа жөндеу жүргізілді. Жобаның құны – 5,6 миллиард теңге.

Жол сапасының жақсаруы тұрғындардың қатынауын жеңілдетіп, жүк тасымалына кететін уақыт пен шығынды азайтуға ықпал етеді. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарына жеткізу кезінде маңызды. Өңірдегі аграрлық жобалардың бірі – Владимиров ауылында орналасқан «ДК Мақсат KZ» серіктестігі. 2021 жылы құрылған шаруашылық мал өсірумен және сүт өндірумен айналысады. Мұнда 30 адам еңбек етеді. Кәсіпорынның 969 гектар ауыл шаруашылығы жері мен егін егуге, жемшөп дайындауға және басқа да жұмыстарға арналған техникасы бар.

Энергетикадағы жаңа қуат көздері, жол инфрақұрылымының жаңаруы және ауыл шаруашылығындағы өндірісті кеңейту – өңір экономикасының өзара сабақтас бағыттары. Электр 

энергиясының қолжетімділігі кәсіпорындардың дамуына жағдай жасаса, сапалы жол өнім тасымалын жеңілдетеді. Ендігі міндет – қолға алынған жобаларды толық іске қосып, олардың экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету.


Бөлісу