Негізгі Жаңалықтар Ұлт ұстазының ізі қалған қара шаңыраққа 35 жыл

Ұлт ұстазының ізі қалған қара шаңыраққа 35 жыл

Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музейдің ашылғанына биыл 35 жыл толып отыр. Ұлы ұстаз-ағартушының туғанына 150 жыл толуына орай бой көтерген музей 1991 жылдың 16 қазанында келушілерге есігін айқара ашты. Содан бері музей Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, асыл мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан рухани орталыққа айналды. 


Музейдің өзі де тарихи орынға салынған. Ғимарат 1884 жылы Ыбырай Алтынсарин ашқан орыс-қазақ мектебінің орнына бой көтерді. Жобасын бас сәулетші Күшіков Хажымұрат Әдиұлы жасаған. Екі қабатты ғимараттың бір бөлігі сол дәуірдегі мектептің үлгісінде салынса, екінші бөлігінің күмбезі киіз үйді елестетеді. Музейдің жалпы аумағы – 800 шаршы метр. Оның 340 шаршы метрі экспозицияға арналған.

Бір кірпіштің өзі – тұтас дәуірдің куәсі. Ал музей қорында 13 мыңнан астам жәдігер сақталған. Солардың бірі – Ыбырай Алтынсариннің отбасымен бірге пайдаланған төсекқабы. Ол музейге 1992 жылы тапсырылған. Тағы бір құнды мұра – ағартушының 1884 жылы Қазанда араб әрпімен басылған «Шариғатул-Ислам» кітабы. 2023 жылы реставрациядан өткен еңбек бүгінге дейін сақталған. Қорда Ыбырайдың нағашы атасы Шеген бидің шапанының астары мен тұрмыстық бұйымдары да бар. Ал Әбілхан Қастеев салған ағартушының жас кезіндегі портреті музейге 2015 жылы тапсырылған. Әр жәдігер – ұлт ұстазы өмір сүрген дәуірдің үнсіз шежіресі. 

Музей қорында Қазақстанмен қатар Алматы, Ташкент, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор мен Троицк қалаларының мұрағаттары мен 

кітапханаларынан алынған құжаттар сақталған. Жақында ғылыми ізденістер нәтижесінде 1885 жылғы карта табылды. Онда Тобыл өзені бойындағы Ыбырай үйінің орны, инспектор көлі мен «Ақ бейіт» аталған Алтынсарин әулетінің қорымы көрсетілген. 


Бөлісу