Негізгі Жаңалықтар Екі қолға бір күрек

Екі қолға бір күрек

Еңбек етуге ниетті азаматтарға қолдау көрсету – мемлекет тарапынан атқарылар маңызды міндет. Арқалық қаласындағы «Мансап» орталығы да жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, кәсіби тәжірибе жинауға және жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге ықпалдасып келеді. Мұнда жұмыссыздарға бағыт-бағдар беріліп, еңбек нарығында өз орнын табуға көмектесетін түрлі бағдарламалар ұсынылады.

Осындай қолдаудың игілігін көргендердің бірі – Жадыра Шыңғабылова. Екі диплом иегері балалармен жұмыс істеуді жанына жақын көреді. Биыл наурыз айынан бастап «Тілашар» оқу-дамыту орталығында еңбек етіп, бүлдіршіндердің тәрбиесі мен білім алуына үлес қосып жүр. Ол үшін бұл – сүйікті ісімен айналысып, кәсіби тәжірибесін шыңдауға берілген мүмкіндік.

Жалпы, орталық түрлі санаттағы тұрғындарға қолдау көрсетіп, жастардың еңбек тәжірибесін жинақтауға, ересек азаматтардың жұмысқа орналасуына және кәсіп бастауына жағдай жасайды. Биылғы көрсеткіштер де осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін аңғартады.

Еңбек нарығында жұмыс табуы қиындаған азаматтарға да қолдау көрсетіледі. Мәселен, «Күміс жас» бағдарламасы - 50 жастан асқан тұрғындарға 

еңбек жолын жалғастыруға таптырмас мүмкіндік. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға тұрақты табыс табуға қолдау көрсетіледі. Солардың бірі – тігіншілікті жанына серік еткен Ерлан Тоқтасынұлы. Арбаға таңылғанына қарамастан, ол көрпе тігіп, арнайы тапсырыстар орындайды. Бүгінде шебер сүйікті ісін дамытып, нәпақа тауып жүр.

Әр азаматтың еңбекке араласуы – қоғам үшін маңызды. Бірі өз мамандығы бойынша тәжірибе жинаса, енді бірі сүйікті кәсібін дамытады. Осы ретте «Мансап» орталығының мақсаты – тұрғындардың еңбек нарығында өз орнын тауып, тұрақты табысқа қол жеткізуіне оңтайлы жағдай жасау. 


Бөлісу