Вандализмге жол жоқ.
Қоғамдық орындардағы рұқсатсыз жазулар мен бүлінген нысандар – қала келбетіне нұқсан келтіретін мәселелердің бірі. Оның алдын алу мақсатында жастар түрлі бастамаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі – «Вандализмге жол жоқ!» жобасы. Бұл жолы белсенділер «Шағала» жағалауына жиналып, айналаны ретке келтіруге және тұрғындарды ортақ мүлікке ұқыпты қарауға шақырды.
Қоғамға пайдасын тигізуді мақсат еткен жастардың қатарында Артур Құлжанов та бар. Ол «Жастар рухы» жастар қанатының сапында үш жылға жуық жұмыс істеп келеді. Осы аралықта түрлі қоғамдық бастамаларға араласып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүр.
Рұқсатсыз жазуларды өшіру мәселенің түпкілікті жойылғанын білдірмейді. 2024- жылдан бері ел көлемінде жүзеге асып келе жатқан «Вандализмге жол жоқ» акциясы қоғам назарын аударуға бағытталған. Ал бүлінген нысандарды қалпына келтірумен қатар, мұндай әрекеттердің қайталануына жол бермеу де маңызды.
«Шағала» жағалауы – қала тұрғындары жиі келетін демалыс орындарының бірі. Мұндағы тәртіп пен тазалықты сақтау - баршаға ортақ міндет. Өйткені ортақ мүлікке ұқыпты қарау әр адамның күнделікті әрекетінен басталады.