Негізгі Жаңалықтар Экосаябақ – табиғатқа саяхат

Экосаябақ – табиғатқа саяхат

Қостанай ауданында 43,8 гектар аумақты алып жатқан жаңа экопарк ашылды. Құны 660 миллион теңге болатын нысан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында салынған. Ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен арнайы шақыртылған құрметті қонақтар қатысты.

Жаңа экопарк Мичурин ауылдық округінің орман алқабында орналасқан. Мұнда тұрғындардың белсенді демалысына қажетті жағдайлар жасалған. Аумақта футбол алаңы, воркаут аймағы, балалар ойын алаңы және автотұрақ бар. Сондай-ақ ұзындығы 2 015 метр жүгіру жолы салынған. 

Экопаркке келушілердің қатынауын жеңілдету үшін кіреберіс қақпалар мен жерасты өткелі қарастырылған. Ол салынып жатқан «Астана» тұрғын алабымен еркін байланысты қамтамасыз етеді. Нәтижесінде тұрғындар жаңа демалыс орнына қатынап, спортпен шұғылдануға мүмкіндік алады

Ашылу салтанатында облыс әкімі мұндай қоғамдық кеңістіктердің экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жасыл желекті көбейту мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру — өңірдегі экологиялық бастамалардың негізгі бағыттарының бірі.

Қостанай облысында экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған өзге де жобалар жүзеге асырылып жатыр. Шаһарда экотакси қызметі іске қосылған. Өңірде екі күн электр станциясы мен бес жел электр станциясы жұмыс істейді. Ауылдық жерлерде қоқысты бөлек жинау тәжірибесі де енгізілуде.

Облысымыздағы экологиялық бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, қалдықтарды сұрыптау және жасыл аймақтарды дамыту — осы бағыттағы маңызды қадамдар. Мұндай бастамалардың нәтижесі әр тұрғынның табиғатқа деген жауапкершілігіне де байланысты. Сондықтан қоршаған ортаны сақтау — баршаға ортақ міндет.


Бөлісу