Қостанайда халықаралық аламан бәйге өтеді
Дүбірлі додаға дайындық қызу. 17 қазанда Қостанай ауданындағы «Арғымақ» ипподромында «Allur Cup» халықаралық турнирі өтеді. Бес мемлекет өкілдері қатысатын аламан бәйгеде шабандоздар жүз шақырымдық қашықтықта бақ сынайды. Қазірдің өзінде сәйгүліктердің бабын келтіріп, жарысқа тыңғылықты әзірленіп жатқан қатысушылар жеңістен үмітті.
Бұл жарыс жүйріктердің жүйрігін анықтап, Қостанай жылқысының әлеуетін танытуға мүмкіндік береді. Биылғы халықаралық додаға Қазақстан, Мажарстан, Малайзия, Сирия және Ұлыбритания елдерінің шабандоздары қатысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұзақ қашықтықтағы бәйге отандық жылқы тұқымының төзімділігі мен мүмкіндігін сынауға жол ашады.
Жүз шақырымды бағындыру үшін жылқының жүйріктігі мен төзімділігі де сыналады. Сондықтан бәйгеге қойылатын талаптар қатаң. Аттың жүріс-тұрысы дұрыс болып, ақсамауы, аяқ алысы мен жалпы физикалық жағдайы талапқа сай болуы керек. Сондай-ақ жүрек соғысы секілді физиологиялық көрсеткіштер де маңызды. Сәйгүліктің бабын келтіру үшін жаттықтырушылар ұзақ қашықтыққа шаптырып,төзімділігін шыңдап, жаттығу жүктемесін біртіндеп арттырады.
Шабандоздар үшін де дайындықтың әр күні маңызды. Ат үстінде бала кезінен жүрген Әлихан Мұхамбетов қазір жарыс алдындағы жаттығуларын жалғастырып, бапкерінің тапсырмаларын орындап жүр.