Бокс мектебіндегі ұрпақтар сабақтастығы
Қостанайлық жас боксшылар тәжірибелі спортшылардан тәлім алуда. Бокс ардагерлері өскелең ұрпаққа осы спорттың қыр-сырын үйретіп, шаршы алаңдағы мол тәжірибесімен бөлісуде. Басты мақсат – жас таланттарды шыңдап, бокстың дамуына үлес қосу.
Қостанайда бокс ардагерлері жас спортшылармен бірге жаттығуға кірісті. Бір айға жоспарланған бастама №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жүзеге асуда. Тәжірибелі былғары қолғап шеберлері енді жас буынмен бірге шаршы алаңға шығып, жаттығу процесіне қатысады.
Бокс ардагерлері де бұл бастаманы қолдап отыр. Олардың айтуынша, бүгінгі жас спортшыларға жаттығуға барлық жағдай жасалған. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, спортта биік белестерді бағындыру.
Бастамаға бокс ардагерлерімен қатар, бүгінде шаршы алаңда өнер көрсетіп, жетістіктерге жетіп жүрген спортшылар да қосылды. Қостанай боксының өзіндік тарихы қалыптасқан. Осы мектептен түлеп ұшқан талай спортшы республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарып, ел намысын қорғады. Енді сол дәстүрді жалғастыру – жас буынның еншісінде. Ал ардагерлерден алған тәлім олардың спорттағы жолына бағыт-бағдар болмақ.