Поэзия патшалығына саяхат
Поэзия – көңілді тербейтін жүректің үнсіз сырласы. Жыр арқылы адам сезімін ақтарып, қоғамның тынысын танытады. Қостанайда сөз өнерін сүйетін жандардың басын қосқан «Күзгі нота» атты поэзия кеші өтті. «Zeyin Qostanai» оқырмандар клубы мұрындық болған әдеби жүздесуде өлең мен өнер өзара үндесіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Кеш шымылдығы сахналық көріністермен ашылды. Ары қарай ақындар арасындағы жыр додасы қатысушылардың шығармашылық қарымын байқатып, сөз сайысына тың серпін берді. Ал өлеңсүйер қауым ашық микрофонда сүйікті ақындарының жырларын оқыды.
Поэзия кешіне Қостанайдың зиялы қауым өкілдері де қатысып, әдеби ортаның тынысын кеңейтті. Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абылай Мауданов сөз өнерінің қоғамдағы орны мен жас қаламгерлер жөнінде пікірін білдірді.
Әдеби кештің өзегіне айналған жыр додасы аға буын мен жас ақындардың басын қосып, поэзиядағы ұрпақтар сабақтастығын аңғартты. Өлеңмен өз өрнегін салып жүрген жас ақындар кештің мазмұны мен шығармашылық ортаның маңызына тоқталды.
«Күзгі нота» жүрек түкпіріндегі сезім мен сөз құдіретін тоғыстырған кеш. Мұндай әдеби кездесулер оқырман мен қаламгер арасындағы байланысты бекемдеп, Қостанайдағы поэзияның тынысын кеңейте түспек.