Ауылда жаңа баспана бой көтеріп жатыр
Биыл Меңдіқара ауданында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қазір Боровское ауылында үш қабатты көппәтерлі үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Ауылдың ажарын аша түскен жаңа тұрғын үйдің құрылысын желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Жалпы ауданы 1900 шаршы метр болатын ғимараттың қабырғалары қаланып біткен. Қазір ішкі әрлеу және сыртқы қаптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құрылыс алаңында жиырмадан астам жұмысшы еңбек етуде. Жұмыс қарқынын арттыру үшін бірнеше арнайы техника жұмылдырылған. Қазір мамандар ғимараттың қасбетін әрлеп, жылу оқшаулағыш материал орнатуда. Нысанды белгіленген мерзімде аяқтау үшін жұмыс екі ауысыммен жүргізіліп жатыр.
Жаңа пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар және әлеуметтік қолдауға мұқтаж өзге де санаттағы азаматтар бар.