Негізгі Жаңалықтар Облыста «Оқырман ұрпақ» жобасы басталды

Облыста «Оқырман ұрпақ» жобасы басталды

Кітап оқу – таным көкжиегін кеңейтіп, ой-сананы дамытудың маңызды құралы. Жастардың кітапқа қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Қостанай облысында «Оқырман ұрпақ» жобасы бастау алды. Жоба аясында қатысушылар ай сайын бір кітап оқып, шығарманы бірге талқылап, өзара пікір алмаспақ.

Жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастама Мемлекет басшысының кітап оқу дәстүрін дамыту жөніндегі идеясымен үндеседі. Жоба аясында белсенді жастарды ортақ мақсатқа біріктіріп, кітап арқылы білімін жетілдіруге мүмкіндік беріледі. 

Жоба амбассадоры Еркеназ Есенбеттің айтуынша, қатысушылар кітапты өздері таңдап, бір ай бойы оқуға мүмкіндік алады. Одан кейін барлығы бас қосып, шығарманың мазмұны мен негізгі идеясын талқылайды. Сонымен қатар, кітап оқуды қызықты әрі мазмұнды өткізу үшін түрлі форматтар да қарастырылған.

Жалпы, жобаға еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласынан 1,5 мыңға жуық оқырманды біріктіру жоспарланған. Қостанай облысында да алғашқы кездесу өтіп, кітап клубының жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Алдағы уақытта клуб кездесулері кітапханаларда, коворкингтерде және шығармашылық алаңдарда ұйымдастырылмақ. 


Бөлісу