Тәуіш ауылында жаңа спорт кешені ашылды
Жангелдин ауданының Жаркөл ауылдық округіне қарасты Тәуіш ауылында көптен күткен қуаныш. Жаңа спорт-сауықтыру кешені ел игілігіне берілді. Нысан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен бой көтерген. Енді мұнда ауыл балалары ғана емес, ересектер де спортпен еркін шұғылдана алады. Баскетбол, волейбол, шағын футбол, күрес және фитнеске арналған залдар – барлығы бір нысанның ішінде орналасқан.
Жаңа нысанның ашылуы ауыл тұрғындары үшін айтулы оқиға болды. Салтанатты іс-шараға «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева мен облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты. Заманауи кешен енді ауыл тұрғындарына спортпен тұрақты шұғылданып, жас спортшыларға шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Бұл – ауылдағы спорт инфрақұрылымын дамытуға жасалған тағы бір қадам.
Айтулы оқиға аясында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, тұрғындар алғыстар мен қуаныштарын ән мен күй арқылы жеткізді.
Спортта ауыл абыройын асқақтатып жүрген саңлақтар мен ақсақалдар жаңа нысанның ашылу рәсіміне қатысты. Ақ батадан кейін спорт кешенінің лентасы қиылып, нысан өз жұмысын бастады.
Тәуіштіктердің спортқа деген қызығушылығы бұған дейін де жоғары болған. Аудан бойынша тұрғындардың 43 пайызы дене шынықтырумен тұрақты түрде шұғылданады. Жаңа кешен бұл көрсеткіштің артуына серпін бермек. Себебі ауылда спортпен айналысуға жағдай жасалса, жаңа есімдердің де шығуына жол ашылады.
Ендігі мақсат – жаңа нысанның мүмкіндігін
тиімді пайдаланып, ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру. Жаңа кешен олардың шеберлігін шыңдап, үлкен додаларға дайындалуына жол ашпақ. Бәлкім, осы залдан ертең ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондар шығар.