Ауыл игілігіне арналған нысан
Ұзынкөл ауданының Ершов ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Енді мұнда бір мезетте 100 адам жаттыға алады. Бұған дейін ауыл тұрғындары шағын залда спортпен шұғылдануға мәжбүр болса, жаңа нысан футбол, волейбол және баскетбол әуесқойларына кең мүмкіндік ашып отыр.
Ершов ауылы соңғы жылдары әлеуметтік нысандармен толығып, көркейіп келеді. Мұнда мәдениет үйі ашылып, орталықтандырылған су жүйесі тартылды, жаңа балабақша пайдалануға берілді. Енді ауыл игілігіне заманауи спорт кешені де қосылды. Ашылу салтанатында қызыл лентаның орнына ауыл атауы жазылған футбол жейдесі ұсынылып, жаңа нысанның бой көтеруіне үлес қосқан азаматтар қолтаңбаларын қалдырды.
Ершов ауылының дамуына отыз жылдан астам уақыт үлес қосып келе жатқан Сәбит Ағайдаров туған жердің өркендеуін басты міндет санайды. Өзі басқаратын кәсіпорын арқылы ауылдың әлеуметтік дамуына қолдау көрсетіп, ел игілігіне бағытталған бастамаларға ұйытқы болып келеді.
Бүгінде ауылда тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті негізгі әлеуметтік нысандар бар. Елді мекенді абаттандыру мен дамыту жұмыстары да жалғасып келеді. Басты мақсат – ауылдың бүгінгі тынысын жақсартып қана қоймай, оның келешек ұрпақ үшін де қолайлы мекен болып қалуына жағдай жасау.
Жаңа спорт кешені 100 адамға дейін қабылдайды. Мұнда футбол, волейбол және баскетболмен айналысуға барлық жағдай жасалған. Енді ауыл тұрғындары спортпен тұрақты шұғылданып, жастар өз шеберлігін шыңдай алады.
Ершов ауылындағы жаңа спорт кешені енді ауыл тұрғындарының басын қосып, жас спортшылардың шыңдалуына жол ашады. Бүгінгі игі бастама ертеңгі жеңістерге ұласып, ауыл абыройын асқақтататын спортшылардың шығуына негіз болмақ.