Менің аулам – менің бағым
Облыста «Менің аулам - менің бағым» атты жоба қолға алынды. Бұл бастама аясында өңір мектептері мен колледждерде және жоғары оқу орындары аумағында жеміс ағаштарының көшеті отырғызылды. Мақсат - білім алушылардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, туған жерді көгалдандыруға үлес қосу.
Жобаның бастау алған жері - Қостанайдағы №31 мектеп. Мұнда алғашқы жеміс көшеттері отырғызылды. Бастамаға мектеп ұжымы мен ата-аналар да қолдау білдіріп отыр. Бақтың бой көтеруіне ата-аналар қауымдастығы демеушілік жасаған.
Бүгінгі көшеттер - ертеңгі саялы бақ. Оны өсіріп, жемісін көру үшін ұзақ жылдық қамқорлық қажет. Мұны қазіргі жас ұрпақ жақсы түсінеді. Олар табиғатты қорғап, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді. Оқушылардың өз қолымен еккен көшеттері жылдар өте келе жайқалған баққа айналып, кейінгі буынға жасыл мұра болып қалмақ.
Жобаның алғашқы кезеңінде облыстағы 100 білім беру ұйымында жеміс бағы құрылады. Биыл күзде мың көшет отырғызу жоспарланған. Кейін тағы үш мыңнан астам ағаш егілмек. Ал 2030 жылға дейін жобаға қатысатын мекемелердің санын 400-ден асыру көзделіп отыр. Тамыз кеңесінде басшылықтың берген тапсырмасы да осыған байланысты.
Отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау оқушылар мен педагогтерге жүктеледі. Балалар ағаштардың өсуін бақылап, табиғатты қорғауды тәжірибе жүзінде үйренеді. Ұйымдастырушылар 2027 жылдың көктеміне қарай көшеттердің кемінде 80 пайызының жерсіндіруді жоспарлап отыр.