Дрифт жасаймын деп айыппұл арқалады
Дрифт жасаған жүргізушіге 130 мың теңге айыппұл салынды. Полиция оның жол ережесін бұзып қана қоймай, жол төсеміне де зақым келтіргенін анықтады.
Қауіпті маневр әлеуметтік желіге жарияланған бейнежазба арқылы әшкереленді. Оқиға «Қаз-18 — Қостанай — Мамлютка» автожолына шығаберістегі автотұрақта болған. Тексеру барысында жүргізушінің көлік басқару құқығы жоқ екені және бұл заңбұзушылықты бір жыл ішінде қайталағаны белгілі болды. Сондай-ақ сот оны ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Барлық құқық бұзушылық бойынша салынған айыппұлдың жалпы сомасы 130 мың теңгені құрады. Полиция жүргізушілерді қауіпті маневрлерден бас тартып, жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.