Бұқаралық спорт кәсіпкерлер тарапынан қолдау тауып келеді
Бейімбет Майлин ауданындағы Тобыл кентінде жас спортшыларға арналған жаңа футбол алаңы ашылды. Енді жергілікті балалар аудан орталығына қатынамай-ақ, заманауи алаңда жаттығып, жарыстарға қатыса алады. Спорт нысанының құрылысына жергілікті бизнес өкілдері де қолдау көрсеткен. Толығырақ тілшіміздің материалында.
Тобылдағы жаңа футбол алаңы үш ай ішінде бой көтерді. Мұнда жасанды жабын төселіп, футбол қақпалары мен қоршаулар орнатылған. Ойын алаңына қажетті белгілер де сызылды. Нысан құрылысына 20 миллион теңге жұмсалған. Сонымен қатар алаң жарықтандыру жүйесімен жабдықталған. Бұл балаларға кешкі уақытта да жаттығуға мүмкіндік береді. Енді тобылдықтар өз кентінде, үйіне жақын жерде спортпен айналыса алады.
Жоба «Варваринское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасалған меморандум аясында жүзеге асырылды. Ауданда футболға деген қызығушылық жоғары. Жас спортшылар тұрақты жаттығып, аудандық және облыстық жарыстарда бақ сынап жүр. Компанияның қолдауы мұнымен ғана шектелмейді. Қазір Әйет ауылындағы спорт қалашығын жөндеуге де атсалысып жатыр.
Жұмыс аяқталса, ауданда тағы екі спорт алаңы пайдалануға беріледі. Мұндағы мақсат – спорт нысандарының санын арттыру ғана емес, жастардың тұрақты жаттығуына жағдай жасау. Ал болашақта футболды Бейімбет Майлин ауданының спорттағы өзіндік брендіне айналдыру көзделіп отыр.
Мамандардың айтуынша, спорт алаңы жағдайының жақсаруы жас спортшының шеберлігін шыңдауға тікелей әсер етеді. Балалар доппен жұмыс істеу техникасын жетілдіріп, оны ойын барысында дұрыс қолдануға машықтанады. Ал футбол – командалық спорт. Жасөспірімдер ойын арқылы бір-бірін түсінуге, жылдам шешім қабылдауға және ортақ мақсатқа бірге жетуге үйренеді.