Қабілетке қанат бітірген орталық
Арқалықта балаларға арналған бірнеше нысан жаңарып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. «Қазақстан халқына» қорының басшысы қалаға арнайы жұмыс сапарымен келіп, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Моноқаладағы Мәдениет сарайы ұзақ жылдар бойы жөндеуді қажет етіп келді. Былтыр ғимарат 1 миллиардтан астам теңгеге толық жаңартылды. Енді мұнда «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 11 жаңа үйірме ашылып, 14 кабинет заманауи құрал-саймандармен жабдықталды.
Мұнда әр баланың қызығушылығына қарай таңдау жасауға мүмкіндік бар. Әдебиет пен театрды ұнататындарға - шығармашылық үйірмелер, ән айтатындарға - дыбыс жазу студиясы, бишілерге - арнайы хореография залы жұмыс істейді. Қол еңбегіне қызығатындар қыш шеберханасында өнерін шыңдайды. Ал бағдарламалауға қызығатын жастар ІТ орталығында білім алады. Мұнымен қатар, орталықта гидропоника зертханасы да бар. Мұнда балалар өсімдікті топырақсыз өсіруді үйреніп, жаңа дүниелерді тәжірибе арқылы танып біледі.