Негізгі Жаңалықтар Болсаң егер сөзге шебер...

Болсаң егер сөзге шебер...

Көпшілік алдында еркін сөйлеу, өз ойын жүйелі жеткізу және тыңдаушының назарын аудару – кез келген маманға қажет қабілет. Әсіресе, жастар үшін бұл дағдының мәні зор. Қостанайда студенттердің шешендік қабілетін шыңдап, сөз мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Jas Talks» шеберлік сағаты өтті. Оны «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырды. Кездесуге қаланың колледждері мен жоғары оқу орындарынан 40-тан астам студент қатысып, сала мамандарынан тәжірибе жинақтады.


Шеберлік сағатына қатысушылардың бірі – Еркеназ Есенбет. Оның айтуынша студенттер үшін бұл – өз қабілетін сынап, жаңа білім алуға мүмкіндік. Мамандардың кеңесі көпшілік алдында сөйлеуге деген сенімді арттырып, күнделікті қарым-қатынаста да ойын нақты жеткізуге көмектеседі

Сөздің әсерлі шығуы тек мазмұнға емес, дауыс ырғағы мен сөйлеу мәнеріне де байланысты. Тыңдаушының назарын аудару үшін ойды нақты жеткізіп, артық сөзден аулақ болған жөн. Кездесуде осы мәселелерге тоқталған спикерлер өздерінің кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Олардың қатарында облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен сала мамандары бар.

Сенімді сөйлеу – үздіксіз ізденіс пен тәжірибені қажет ететін дағды. Мұндай кездесулер жастарға өз мүмкіндіктерін бағалап, қарым-қатынас мәдениетін жетілдіруге жол ашады. Ең бастысы, ойын анық әрі сауатты жеткізе білетін жас кез келген ортада өз көзқарасын дәлелдеп, тыңдаушымен тиімді байланыс орната алады.


Бөлісу