Негізгі Жаңалықтар Әділет саласындағы жаңашылдықтар

Әділет саласындағы жаңашылдықтар

Нотариат саласындағы цифрландыру, атқарушылық іс жүргізудегі жаңа тәртіп, заң көмегінің қолжетімділігі және зияткерлік меншікті қорғау. Қазақстанда әділет саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өзгерістер нотариустар, адвокаттар мен жеке сот орындаушыларының қызметіне және азаматтардың құқықтарынығ қорғалуына да тікелей қатысты. Жаңа талаптар қалай орындалып жатыр?

Қостанай облысында 176-ға жуық нотариус қызмет көрсетеді. 8-ші қыркүйектен бастап нотариат саласындағы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді жылжымайтын мүлікке қатысты мәміле жасағанда азаматтар шартты қарапайым жазбаша түрде де, нотариус арқылы да рәсімдей алады. Алайда меншік құқығы мемлекеттік тіркеуден кейін ғана күшіне енеді

Цифрландыру нотариустар, адвокаттар мен жеке сот орындаушыларын аттестаттау тәртібіне де енгізілді. Өтініш электронды түрде беріліп, ЭЦҚ-мен расталады. Емтихан компьютерлік тестілеу арқылы өтіп, үміткердің заңнаманы білуі мен практикалық дайындығы бағаланады. Барлық кандидатқа талап бірдей. Сонымен қатар, заң көмегінің қолжетімділігіне де мән берілуде. Облыста тұрғындарға құқықтық кеңес беретін мамандар жұмыс істейді, ауылдық жерлерде арнайы кабинеттер де ашылған. 

Жеке сот орындаушыларының жұмысына да бақылау күшейтілді. Әділет органдары азаматтардың мүліктік құқықтарымен қатар, зияткерлік меншігін қорғауға да басымдық береді. Тоғыз айда 7 тексеру жүргізіліп, 1 миллион 280 мың теңгеге 768 контрафактілік тауар тәркіленді. Жалпы өзгерістердің негізгі мақсаты – қызметті цифрландыру, халыққа қолжетімділікті арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау.


Бөлісу