Негізгі Жаңалықтар Кітаппен бірге кемел бол

Кітаппен бірге кемел бол

Кітап оқу – енді жеке әдет қана емес, республикалық марафонға айналды. Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында ауқымды кітап оқу марафоны өтіп жатыр. Оған елдің барлық өңірінен миллионнан астам оқырман қатысуда. Қостанай облысында жобаға шамамен 10 мың педагог қосылған. 

Мұғалімдер үшін кітап оқу – кәсіби дамудың да бір бөлігі. «Кітап оқитын педагог» бағытына қатысушылар алты ай ішінде арнайы тізімге енген 15 кітапты оқуы керек. Әр шығарма бойынша пікір жазып, оқу нәтижесін электронды жеке кабинетінде тіркейді. Қазір қатысушылардың екінші кітапты оқу кезеңі аяқталған. 

Қостанайдағы «Келешек» мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Оксана Мотузко да жобаға қатысушылардың қатарында. Ол үшін бұл – көбірек кітап оқып, жаңа авторлар мен шығармаларды тануға мүмкіндік беретін өзіндік сынақ. Жоба тізіміндегі туындылардың тақырыбы да әртүрлі: бірі ойлануға жетелесе, енді бірі адамгершілік құндылықтарды дәріптейді. 

Марафонның мақсаты – тек белгілі бір кітап санын орындау емес, оқуды күнделікті әдетке айналдыру. Ал педагогтар үшін жоба кәсіби дамуға да мүмкіндік береді. 

Қатысушылар сертификат, алғыс хат және дипломдарын біліктілікті арттыру мен аттестацияда қолдана алады. Жеңімпаздар республикалық кезеңде бақ сынап, еліміздегі үздік он оқырманның тізіміне енуге мүмкіндік алады. 


Бөлісу