Отанға қызмет оқу орындарынан басталады
Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу – басты міндеттердің бірі. Қостанай жоғары автомобиль колледжінде «Жас бүркіт» сыныбы осы бағытта жұмыс істейді. Мұнда студенттер елге қызмет етудің маңызын түсініп, Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті бойына сіңіреді.
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында Жоғары автомобиль колледжінде «Ерлік сабағы» өтті. Тағылымды кездесуге Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Нұрлан Мұхамедов қатысты. Әскери қызметкер «Жас бүркіт» сыныбының студенттерімен кездесіп, елді қорғаудың маңызы туралы әңгімеледі.
Колледж қабырғасында «Жас бүркіт» сыныбы бірнеше жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Мұнда апта сайын әскери қызметшілермен кездесулер ұйымдастырылып, жастарға әскери өмір мен қызметтің қыр-сыры таныстырылады. Сонымен қатар студенттер әскери дағдыларды меңгеруге бағытталған түрлі іс-шараларға қатысады. Басты мақсат – жастардың бойында отансүйгіштік рух пен ел алдындағы жауапкершілікті қалыптастыру.
«Ерлік сабағының» өтуіне 6697 әскери бөлімі мұрындық болды. «Жас бүркіт» сыныбының белсенді қатысушыларына алғыс хаттар табысталды. Ал сынып қатарына жаңадан қосылған жастарға әскери киім берілді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай кездесулерді жалғастырмақ.