Негізгі Жаңалықтар Облыста отбасылық жанжалдар саны артқан

Облыста отбасылық жанжалдар саны артқан

Қостанай облысында отбасылық жанжалға байланысты көмек сұрайтындар саны артып отыр. Жыл басынан бері полицияға тұрмыстық жанжал бойынша төрт мыңнан астам хабарлама түскен. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 121 өтінішке көп. 

Полицияға түскен әрбір хабарлама жіті тексеріледі. Мамандар алдымен жағдайды анықтап, жәбірленушінің қаншалықты зардап шегетінін бағалайды. Кейбір жағдайда отбасындағы жанжал қылмыстық іске ұласады. Жыл басынан бері Қостанай облысында осындай 60 іс аяқталған. Қазір тағы 15 іс бойынша тергеу жүріп жатыр. 

Зардап шеккендерге полиция бөлімшесімен қатар, дағдарыс орталықтары да көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары күн сайын профилактикалық рейдтер жүргізеді. Мамандар жанжал тіркелген отбасылардың жағдайын ұдайы бақылап, жәбірленушілермен сөйлеседі. Негізгі мақсат – отбасындағы зорлық-зомбылықтың 

қайталануына жол бермеу. 

Қауіп-қатерге көбіне әйелдер мен балалар тап болады. Полицияның айтуынша, отбасындағы жанжалдың ушығуына көп жағдайда алкоголь себеп. Мас күйдегі ұрыс-керіс аз ғана уақытта агрессияға ұласуы мүмкін. Соңы қоқан-лоқы көрсетуге, күш қолдануға, тіпті зорлық-зомбылыққа әкеліп жатады. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ең көп тараған түрі – күш қолдану. Зорлық-зомбылық жасаған адам әрекетінің ауырлығына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Кей жағдайда бас бостандығынан да айырылуы мүмкін. Мамандар жағдайдың ушығуын күтпей, дер кезінде көмекке жүгінуге шақырады. 


Бөлісу