Кәсіподақтар күні: еңбек адамына құрмет
Еңбек ұжымдарының басын қосқан айтулы дата. Қазақстан кәсіподақтар күніне орай Қостанайда сала өкілдері бас қосты. Іс-шара барысында еңбек жағдайын жақсарту, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік әріптестікті нығайту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ кәсіподақ қозғалысына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді.
Кәсіподақ қозғалысының қалыптасуы мен дамуына осы салаға саналы ғұмырын арнаған жандардың бірі – Балбөпе Ертаева. Ол Қостанай облысының кәсіподақ жүйесінде жалпы көлемі 35 жыл қызмет атқарған. Облыстық кәсіподақтар орталығын басқарған.
Бүгінде кәсіподақтар еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерді қорғауға ықпал етіп келеді. Елде кәсіподақ құрамында 2 миллионға жуық жұмысшы бар. Биыл қозғалысты жаңғыртуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және бастауыш ұйымдардың жұмысын күшейтуге басымдық берілді. Қостанай облысында еңбек құқықтарын қорғау бойынша сот жүйесімен меморандумдарға қол қойылған.
Әлеуметтік әріптестіктің нәтижесі ең алдымен жұмыс орнындағы еңбек жағдайынан көрінеді. Әсіресе қызметі табиғи ортада өтетін орманшылар үшін қауіпсіздік мәселесі өзекті. Мұнда арнайы киімнің талапқа сай болуы,
техниканың жарамдылығы мен жұмыс барысының қауіпсіздігі тұрақты бақылауды қажет етеді.
Бүгінде Қостанай облысындағы кәсіподақ қозғалысына 85 мыңнан астам жұмысшы мүшелік етеді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, олардың басты бағдары – еңбек адамының мүддесін қорғау. Қызметкерлердің құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қажет кезде қолдау көрсету – кәсіподақ жұмысының өзегі. Мерекелік іс-шарада осы салаға үлес қосқан бірқатар азаматтың еңбегі еленді.