Негізгі Жаңалықтар Боз кілем бәсекесі

Боз кілем бәсекесі

Кілем үстіндегі әр белдесу - күш пен шеберліктің ғана емес, жігер мен мінездің де сыналар сәті. Қамысты ауданында интернационалист жауынгер Артур Мазукаевты еске алуға арналған еркін және әйелдер күресінен ашық облыстық турнир өтті. Додаға облыстың әр түкпірінен жас балуандар жиналды. Олар жүлде үшін ғана емес, ел есінде қалған азаматтың рухына тағзым ету үшін де боз кілемге шықты. 

Бір сәт. Бір қимыл. Бір ғана шешім. Белдесудің тағдырын өзгертуге осының өзі-ақ жеткілікті. Сондықтан мұнда әр секунд қымбат. Кілемге шыққан спортшылардың әрқайсысының артында талай жылғы еңбек пен тынымсыз жаттығу жатыр. Ал балуанның техникасын шыңдап, жігерін жанитын бапкер үшін шәкіртінің жеңісі - жылдар бойғы еңбектің жемісі. 

Жарысқа жас ерекшелігі мен салмақ дәрежесі бойынша 180 спортшы қатысты. Бірі тәжірибесін сынаса, енді бірі облыстық деңгейдегі алғашқы маңызды додасына келіп отыр. Бар мақсат - бар мүмкіндікті көрсетіп, жеңіске бір қадам жақындау.

Туған жерден түлеп ұшқан азаматтың енді өз өлкесіне өзге міндетпен оралуы - өзіндік бір тарих. Тимур Айтқұлов - Қамысты ауданының тумасы. Осы жерде балалық шағы өтіп, спорттағы алғашқы қадамы қалыптасты. Бүгінде ол туған жеріне бұл жолы балуан ретінде емес, өзге команданың жаттықтырушысы ретінде келіп отыр. 

Бұл жарыстың жөні бөлек. Себебі мұнда спорттық бәсекемен қатар, азаматтың есімін ұлықтау дәстүрі бар. Артур Мазукаев - әскери борышын өтеп, ел тарихындағы күрделі кезеңнің куәсі болған интернационалист жауынгер. Оны еске алуға арналған турнирдің бірнеше жыл бойы үзілмей өтуі - оған деген құрметтің айғағы. 

Еркін күресте білектің күшімен бірге ойдың ұшқырлығы да қажет. Балуан қарсыласының келесі қадамын алдын ала болжап, шешімді лезде қабылдауы тиіс. Сондықтан әр белдесу шапшаңдық пен тактиканың тартысы

Бүгінгі жас балуандар үшін мұнда медальдан да маңызды дүние бар. Ол өткенді ұмытпау, ерлікке тағзым ету және аға буынның өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу. Боз кілемдегі белдесулер аяқталғанымен, ер есімі ел есінде ескірмейді. Өйткені ерлікке құрмет ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын құндылық. Айта кетейік, бұл жарысқа Артур Мазуакевтың сыныптас достары демеушілік жасаған.


Бөлісу