Негізгі Жаңалықтар Ұстаз – ұлт шамшырағы

Ұстаз – ұлт шамшырағы

Ұстаздар күніне арналған мерекелік іс-шаралар аудан-қалаларда да көрініс тапты. Алтынсарин ауданында білім саласының қызметкерлері бас қосып, абзал мамандық иелеріне құрмет көрсетті. Мерекелік жиында көп жылдық еңбек өтілі бар ұстаздармен қатар, кәсіби жолын енді бастаған жас мамандар да назардан тыс қалмады. 

Төремұрат Әгібаев білім саласында отыз жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. Тарихқа бала кезінен қызыққан ол бүгінде Жаңасу негізгі орта мектебінде тарих пәнінен сабақ беріп, мектеп директоры қызметін деқатар атқарып келеді. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, кәсіподақ ұйымының медалімен марапатталды. 

Ал аға буынның тәжірибесі мен өнегесі – жас мамандар үшін үлкен мектеп. Солардың ізін жалғап, кәсіби жолын биыл бастағандардың бірі – Сүйінбай Тоққожа. Дарынды балаларға арналған Ыбырай Алтынсарин мектебінде білім алған ол бүгінде Свердлов орта мектебінде ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Алғашқы еңбек күнінен-ақ жас маман ұстаздықтың тек сабақ берумен шектелмейтінін түсінген.

Ауыл мектептеріне жас мамандарды тартуға бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да өз нәтижесін көрсетіп келеді. Білім саласына енді келген мамандар үшін бұл – еңбек жолын бастап, тәжірибе жинақтап, ауыл мектебінің тыныс-тіршілігіне араласуға берілген мүмкіндік. Бүгінде ауданда осы бағдарламамен жұмысқа орналасқан жас мамандар да бар. 

Ұстаздық – үздіксіз ізденіс пен үлкен жауапкершілікті талап ететін ұзақ жол. Бірі талай жылдық тәжірибесін шәкірт тәрбиесіне арнаса, енді бірі осы 

мамандыққа алғаш қадам басып, өзіне артылған жауапкершілікті сезініп келеді. Алайда барлығының мақсаты ортақ – білімді, тәрбиелі, ел болашағына үлес қосатын ұрпақ қалыптастыру. 

Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерпаздар ұстаздарға арнап ән шырқап, түрлі шығармашылық қойылымдар ұсынды. Әуезді ән мен мың бұралған би мерекелік кештің ажарын ашып, білім саласының қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал ұрпақ тәрбиесі мен ел болашағына бағыт беріп жүрген ұстаздарға деген құрмет қашанда биік. 


Бөлісу