Smart шаруашылық: тың технологиялар қолданылуда
Starlink, күн батареясы, жасанды интеллект, тіпті егінді өзі оратын комбайндар. Қостанай облысының Денисов ауданындағы шаруа қожалығы заманауи технологияларды кеңінен қолданып, игілігін көріп отыр. Ал дала төсінде еңбек ететін жұмысшылар үшін заманауи тұрақ-жай салынған. Астықты өлкедегі жиын-терім науқаны қашан аяқталады? Тілшіміз Мәдина Нағашыбай тарқатады.
Барлығы 7 капсуланы орнату үшін шамамен 120 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Интернет, инфроқұрылым, жарық, су – бәрі бар. 2023 жылы жұмысын бастаған қожалық бүгінде 10 мың гектар жерге бидай, жасымық, жүгері, зығыр сынды он түрлі дақыл өсіреді. Өнімнің бір бөлігі Қытай, Иран, Ауғанстан және Италияға экспортталады. Ал жұмыстың 98 пайызы цифрланған. Алқаптағы техника бар деректі бірден жүйеге енгізіп отырады.
Жасанды интеллект тіпті ауа райына қарап, қандай зиянкес түсуі мүмкін екенін ескертеді. Егіннің шығымы, топырақтың құнарлығы мен ылғалдығы сынды бар мәлімет цифрлық жүйеге жинақталады. Шаруа қожалығының ендігі жоспары - 200 бас асыл тұқымды ірі қара әкеліп, өндіріс аясын кеңейту. Егіннен қалған өнім мал азығына, ал органикалық қалдық табиғи тыңайтқыш ретінде қайта пайдаланылмақ. Басты мақсат - экологиялық таза өнім шығартын тұтас агрошаруашылық қалыптастыру. Ал облыста биыл 4 млн гектардан астам жерге бидай егілді. Дәнді дақыл алқаптарының әзір 84 пайызы орылды.