Ауданда абаттандыру жұмыстары қарқын алды
Науырзым ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері 21 ескі әрі қараусыз қалған нысан сүрілді. Елді мекендерді абаттандыру барысында 236 тонна қоқыс шығарылды. Ал көгалдандыру жоспарының 64,3 пайызы орындалды.
Ауданда биыл 14 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Қазірдің өзінде оның 9 мыңы егілді. Бұл — жылдық жоспардың 64,3 пайызы. Сонымен қатар үш мыңнан астам тұрғын апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктерге қатысты. Ал «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 30 жас жұмыспен қамтылып, елді мекендерді тазарту және абаттандыру жұмыстарына тартылды.
Ауданда абаттандыру талаптарының сақталуы да тұрақты бақылауда. Жыл басынан бері тәртіп бұзғандарға 192 ескерту беріліп, 51 әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ тұрғындардан санитарлық тазалық пен абаттандыруға қатысты 95 өтініш түскен. Олардың барлығы қаралып, тиісті шаралар қабылданды.
Аудан аумағындағы ескі әрі қараусыз қалған 21 нысанды бұзу жоспарланған болатын. Бүгінде бұл жұмыс толық аяқталды. Соның нәтижесінде 236 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар «Үздік аула» байқауы ауданның барлық елді мекенінде ұйымдастырылды. Байқау қорытындысы бойынша сегіз елді мекеннен 17 тұрғын бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Науырзым ауданындағы елді мекендерде де тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Аулаларда демалыс және спорт алаңдары бой көтеруде. Соның бірі — Қожа ауылындағы балалар мен жастарға арналған баскетбол алаңы. Құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қазір нысанның айналасын абаттандыру және оны пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде.