Үш мың ота, бір маман
Қазан айының тағы бір думанды датасы яғни күнтізбенің алғашқы дүйсенбісі – Халықаралық дәрігерлер күні. Бұл адам өмірін сақтап, денсаулығын жақсартуға бар ғұмырын арнаған ақ халатты жандарға құрмет көрсететін күн. Бұл мамандықтың жауапкершілігі ерекше. Әсіресе, адамның еркін тыныстауы, анық естуі мен дұрыс сөйлеуіне жауап беретін лор мамандарының еңбегі өлшеусіз.
Кейде мұрынның бітелуі, құлақтың ауырғаны немесе тамақтың қабынуы бізге жай жеңіл сырқат сияқты көрінеді. Бірақ оның артында күрделі мәселе жатуы мүмкін. Сондықтан ЛОР дәрігерінің қабылдауына келген әр науқастың жағдайы – бөлек әңгіме. Біріне ем-дом жеткілікті болса, енді біріне ота жасауға тура келеді.
Қадырәли Ахметтің ЛОР саласында жүргеніне – 8 жыл. Соның 5 жылын қалалық ауруханада өткізген. Осы уақыт ішінде 3 мыңға жуық ота жасаған. Бүгін де дәрігер кезекті операциясын өткізіп, науқастың мұрын пердесін түзеді. Бір қарағанда, бұл – оның күнделікті жұмысы. Алайда әр операцияның өз жауапкершілігі бар. Ал дәрігердің есінде қалған ең күрделі оталары да аз емес.
ЛОР дәрігерінің жұмысы тек құлақ, мұрын немесе тамақты емдеу емес. Оның міндеті адамның қалыпты өміріне қайта оралуына көмектесу. Еркін тыныстау, жақсы есту, дұрыс сөйлеу біз байқамайтын, бірақ денсаулықтың маңызды бөлігі. Ал дәрігер үшін ең үлкен нәтиже - емделіп шыққан науқастың алғысы. Адал атқарған қызметі үшін алған марапаты.