Өңірде ірі жел электр стансасы салынады
Өңірде жаңартылатын энергетика саласындағы ауқымды жоба қолға алынбақ. Құны 380 миллиард теңгеге бағаланған жел электр стансасының қуаты 1000 мегаватт болады. Жоба іске асса, ол өңірдегі осы бағыттағы ең ірі нысандардың біріне айналады.
Жаңа жел электр стансасының құрылысын 2027 жылдың көктемінде бастау жоспарланған. Жоба аясында қуаты 300 мегаватт болатын электр энергиясын жинақтау жүйесі де салынады. Құрылыс жұмыстарын 2029 жылдың соңына дейін аяқтап, нысанды пайдалануға беру көзделіп отыр. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 380 миллиард теңге инвестиция тартылады. Құрылыс кезеңінде және нысан іске қосылғаннан кейін барлығы 750 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Мамандардың айтуынша, жоба энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға, өңірге жаңа инвестициялар тартуға және электр энергиясын өндірудің баламалы көздерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, жел электр стансасының салынуы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі болмақ. Бұл өз кезегінде елдің энергетикалық балансын әртараптандыруға және дәстүрлі энергия көздеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін маңызды қадамдардың бірі.