Негізгі Жаңалықтар Қостанайда электротаксилер іске қосылды

Қостанайда электротаксилер іске қосылды

Қостанайда электромобильдерден жасақталған жаңа таксопарк іске қосылды. Оның салтанатты ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Енді қала тұрғындары жолаушылар тасымалының экологиялық таза түрін пайдалана алады. Жоба жергілікті өндірісті дамытуға және қаладағы көлік қызметін жаңғыртуға бағытталған. 

Бұдан былай қала тұрғындары жолаушылар тасымалының жаңа түрін пайдалана алады. Eco Ular Taxi жобасы толықтай электр қуатымен жүретін көліктермен қызмет көрсетеді. Жаңа таксопарк Қостанайда өндірілген отандық көліктер негізінде құрылған.

Ал жаңа таксилердің басты ерекшелігі — жанармай қолданбайды. Автопарктегі көліктердің барлығы — Қостанайдағы Allur зауытында құрастырылған JAC e-J7 электромобильдері. Қазір мұнда 65 көлік бар.

Бір көлікті толық қуаттауға шамамен бір сағат жеткілікті. Ол электромобиль 350 шақырымға дейін жүре алады. Жаңа такси қызметі жолаушыларды «Яндекс» платформасы арқылы тасымалдайды.

Салтанатты таныстырылымнан кейін жаңа таксилер қала көшелеріне шықты. Жоба авторлары бұл бастама экологиялық көлікті дамытуға мүмкіндік береді деп отыр. Ал алдағы уақытта электрлі такси тарифін төмендету мәселесі де қарастырылмақ. Қазір бұл бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр.


Бөлісу