Абақтыдағы ұялы байланыс сигналы үшін 3 оператор жазаланды
Облыста жазасын өтеу мекемелеріндегі ұялы байланыс сигналына қатысты үш оператор жауапқа тартылды. Тексеру барысында үш мекеменің аумағында ұялы байланыс сигналының рұқсат етілген деңгейден жоғары болғаны анықталған.
Қостанай облысының прокуратурасы Мемлекеттік радиожиілік қызметі және Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, жазасын өтеу мекемелеріндегі ұялы байланыс деңгейін тексерді. Нәтижесінде «Beeline», «Kcell» және «ALTEL, Tele2» операторларының желілерінде белгіленген шектен жоғары сигнал тіркелген. Осыған байланысты үш оператор да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, байланыс операторлары жазасын өтеу мекемелерінің аумағында радиосигналдың таралу деңгейін төмендетіп, байланыс желілерін оңтайландыруға міндетті. Алайда бұл талаптар орындалмаған. Прокуратура мәліметінше, мұндай жағдайлар түзеу мекмелерінде ұялы телефондарды заңсыз пайдалануға мүмкіндік беруі мүмкін. Бұған дейін сотталған адамның ұялы телефон арқылы 4 миллион теңгеден астам сомаға алаяқтық жасағаны анықталған. Тергеу барысында одан бірнеше телефон тәркіленіпті.