Ұстаздық – ұлы қасиет
Ұстаздың еңбегі – өміршең. Оның берген білімі мен тәрбиесі шәкіртінің келешегімен жалғасады. Ал осындай жандарды құрметтеу – қоғамға үлгі. Қостанайда білім саласының үздіктеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Олардың қатарында ондаған жылын мектепке арнаған ардагерлер де, білім беру ісін жаңғыртып жүрген мамандар да бар.
Облыс әкімінен мемлекеттік награда алғандардың бірі – Мәулен Қаратаев. Науырзым ауданындағы Шилі мектебінде ұзақ жыл физика пәнінен сабақ берген ұстаз талай шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде зейнет демалысында жүрген ардагер мұғалімнің зейнеті «Еңбек ардагері» төсбелгісімен бағаланды.
Мектеп беделі – басшы беделі. Ұрпаққа білім беруді, елге қызмет етуді өмірлік қағидасына айналдырған Ырысалды Сейілханқызы білім саласына 30 жылға жуық уақытын арнаған. Ыбырай мектебінің жетекшісі бүгінде бірнеше төсбелгінің иегері. Алайда ол үшін атақ пен марапаттан бұрын балаға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу маңызды.
Ыбырай атындағы төсбелгіге ие болғандардың қатарында Гүлмаржан Тәжікенова да бар. Ол Қостанай ауданының білім бөлімінде педагогтерге әдістемелік көмек көрсетіп, мұғалімдердің кәсіби дамуына қолдау білдіріп келеді.
Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген. Сондықтан бүгінгі білім беру жүйесінде ұстаздың кәсібилігін жетілдіруіне де мүмкіндік көп. Соңғы екі жылда 200-ден астам түлек педагогикалық институтқа арнайы емтихансыз түсу мүмкіндігіне ие болды. Ал «Көшбасшылық мектебі» арқылы 49 директор біліктілігін арттырды.
Бүгінгі мектеп – тек кітап пен тақтаға сүйенбейді. Оқушылар жасанды интеллектіні терең меңгеріп қана қоймай, өз жобаларын да жасап жүр. Өткен оқу жылында «Жасанды интеллект және Game Development» жобасына 666 оқушы, «Ауыл ертегі» жобасына 14 оқушы қатысты. Хош, білім саласының маңызды күні өнермен өрілді. Арнайы келген опера әншілері Зарина Алтынбаева мен Балуан Беркенов классикалық шығармалар орындап, кеш көркін қыздыра түсті.