Кәсіпкерлер үшін қолдау тетіктері артты
Шағын және орта бизнес – қала экономикасының маңызды бөлігінің бірі. Кәсіпкерлік жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс пен сауданың дамуына да ықпал етеді. Бүгінде Қостанайда бизнес өкілдеріне қаржылай қолдау көрсетіп, жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін бірнеше мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. Оның нәтижесі қандай? Тілшіміз баяндайды.
Қалада кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау үшін қаржылай қолдаудың бірнеше бағыты қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы бизнеске жеңілдетілген несие, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру тетіктері ұсынылады. Бұл шаралар әсіресе жаңа жобаларды іске қосып, өндіріс көлемін арттыруға жол ашады.
Кәсіпкерлерді қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – «Іскер аймақ» бағдарламасы. Ол несие пайызын субсидиялауға мүмкіндік береді. Бір қарыз алушыға субсидияланатын қаржы құралының ең жоғары көлемі – 200 миллион теңге. Қостанайда жүк тасымалы, қонақүй, білім беру және денсаулық сақтау салалары басым бағыт ретінде белгіленген.
Қолдау алған жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталған. Жүк автотасымалына да жәрдем көрсетілген. Кепілдік беру көлемі де өсті. Биыл кәсіпкерлерге жалпы сомасы 8 миллиард теңгеден асатын 50 кепілдік берілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 42 болған. Ал субсидияланған жобалар санының азаюына қала әкімі назар аударып, оның себебін сұрады.
Субсидия мен кепілдіктен бөлек, кәсіпкерлерге гранттық қолдау да көрсетіледі. Биыл 13 өтінім түсіп, әр гранттың көлемі 5 миллион теңгеге дейін белгіленді. Өнеркәсіпте де өсім бар: қаңтар-тамыз айларында 1 триллион 105 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 179 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Биыл жалпы құны 43 миллиард теңге болатын 8 жоба іске асырылады. Олар 800-ден астам
жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, оның үшеуі қазірдің өзінде іске қосылған.