Ел намысын қорғаған спортшыларға құрмет
Италия елінде өткен әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғаған спортшыларымыз аман-есен елге оралып жатыр. Қостанай әуежайында төрт жас спортшыны жақындары мен достары күтіп алды. Жеңіспен оралған спортшыларды қарсы алған сәтте қуаныш пен толқыныс қатар сезілді.
Тобыл-Торғай өңірінің төрт спортшысы Италияның Джезоло қаласында өткен кикбоксингтен әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғады. Жерлестеріміз дүбірлі додада жүлделі орындардан көрініп, ел қоржынына үш алтын және бір күміс медаль салды. Жеңіспен оралған спортшыларды туған жерінде жанкүйерлері зор ықыласпен қарсы алды.
Әлемдік додада Қостанай облысының әр спортшысы төрт жекпе-жектен өткізді. Төртеуі де финалға дейін жетіп, жүлделі орындардан көрінді. София Цитеркоп үшін бұл – әлем чемпионатындағы алғашқы жарыс. Дебюттік додада ол қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды.